Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында көкшетаулық кәсіпкер, «Ақ жол» партиясынан жергілікті мәслихаттың депутаты Ғалымжан Копишевтің осы заманғы сәулет үлгісімен салған мейрамханасы бар қонақ үй кешені салтанатты жағдайда ашылды. Бұл шараға Ақмола облысының және Көкшетау қаласының әкімдері Сергей Кулагин мен Ермек Маржықпаев қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Кәсіпкер Ғалымжан Копишев «Г.С.К. Сауда» құрылыс компаниясының бас директоры болып табылады. Оның құрылыстағы қолтаңбасы елорда мен Қазақстанның басқа да облыстарында сайрап жатыр. Ал, соңғы жылдардың өзінде Көкшетау қаласында бірнеше көп қабатты үйлер, бизнес орталығы және тағы басқа нысандарды салған еді. Ал, бұл қонақ үй кешені айналасы бір жылдың ішінде пайдалануға берілді. Жаңа кешеннің жалпы алаңы 2800 шаршы метрді құрайды. Мұнда 26 осы заманғы құрал-жабдықтармен жарақталған 26 нөмір бар. Мейрамхана 60 адамға арналған.
Сонымен бірге, караоке, кофейня залдары да кешеннің заман талабына сай салынғанын көрсетеді. Қазір мұнда барлығы елу адам жұмыс істейді.
–Біздің өңірімізде туристік бизнесті дамыту аса маңызды болып табылады. Сұлу табиғат аясында орналасқан қаланың да тартымдылығын айшықтай түсетіні анық. Бұл алдағы мереке Тұңғыш Президент күніне және келер жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне өз тартуым деп білемін. Кешен жобасының құны 500 миллион теңгені құрады, –дейді жаңа кешеннің басты құрылтайшысы Ғалымжан Копишев.
Біз де оған елдің мүддесі жолында ерен еңбек ете беруге тілектестік білдірдік. Ақжолдық кәсіпкердің тасы өрге домалай берсін!
Бақыт Смағұл,
Ақмола облысы.